Жамбыл облысыҚордай ауданыАуданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы


Туған жерге туыңды тіК

Туған жерге туыңды тіК

Облыс бойынша бір мезетте басталған «Туған жерге туыңды тік» акциясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған үлкен мәні мен мағынасы бар шара.

 Аталмыш акция сейсенбі күні Мәдениет үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауданымыздан шыққан аптал азаматтардың басын құрады. Әрдайым туған өлкесіне бүйрегі бұратын, қолынан келгенше көмегін аямайтын жандар осы күні аудан халқымен қауышып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

 

Елбасының «Туған жерге туыңды тік» ұранына қолдау білдіріп, жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруда, өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған акцияға аудан әкімі Болатбек Байтөле, Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Асатов, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаев,  аудандық және облыстық мәслихат депутаттары, ауданның Құрметті азаматтары, ірі кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшылары және белсенді жастар қатысты. «Қордай қай салада болсын Жамбыл облысындағы ілгері дамып келе жатқан аудан. Ауданымыздың сәулеті мен дәулеті жарасып, күн санап әлеуеті мен мәдениеті артып, түрлі нысандар бой көтеруде. Әрине, бұл ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар мен игі істердің нәтижесі. Біз мұны мақтанышпен айта аламыз», – деген аудан әкімі Болатбек Байтөле ауданның дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өндіріс орындары турасында сөз етті. «Аудандағы ірі кәсіпорындар «Грин Вилл» жылыжайы, «BioVet KZ» ветеринарлық препараттарды өндіру биокомбинаты, «Аурум дойчланд» тау-кен металлургиялық комбинатының құрылыстары және Бектұрсын Жансеріковтің «Первомайские деликатесы» ЖШС мен шұжық өндіретін және әлемдік стандарттарға сай мал сою цехы тәрізді уақыт талабына жауап беретін өндіріс орындарын атап өтуге тұрарлық. Соңғы жылдары өңірімізде бой көтерген кәсіпорындар, демалыс орындары мен сауда үйлері ауданның ажарын аша түсуде. Мәселен, Бетқайнар ауылындағы жеке кәсіпкер Жұмабек Ещигановтың жергілікті тұрғындарға арналған демалыс орны, сол ауылдағы Дүйсехан Оңгелдиевтің «Шаңырақ» мейрамханасын, Қордай ауылының орталық көшелеріне сән беріп тұрған «ССС» демалыс орталығы, «Флагман», «Қордай сити», «Рахат думан» мейрамханасы», – деген аудан әкімі туған жерге туын тігіп жүрген жандар, қайырымдылық пен қамқорылығын білдірген азаматтар жайын тілге тиек етті. Олардың қатарында елімізге танымал меценат, Қаракемер ауылының тумасы, қазіргі таңда «100 жаңа есім» жобасына үміткер Қайрат Молдасейітовтың жомарттығы, 4 тұрмысы төмен отбасына өз қаржысынан үй салып берген және тағы бір үйдің құрылысын жүргізіп жатқан белгілі кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев, Қаракемер ауылында тұрмысы төмен жандарға арнап үш үйдің құрылысын бастаған ағайынды Бақаевтар, аудан орталығындағы саябаққа тренажердің 9 түрін алып берген Асқар Жұмабаевтардың қайырымдылық істері жайында айтып өтіп, азаматтық танытқан жандардың еңбегіне табыс тіледі. «Осы сәтті пайдаланып ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, қандай да бір маңызды іс-шараларға белсене атсалысып, демеушілік көрсетіп жүрген азаматтар: Мұхит Кененов, Жұмахан Кәкетаев, Жайық Манасбаев, Саят Жетібаев, Кенжебай Тілеубердиев, Владимир Подшибякин, Дүйсехан Қошалиев, Өмірәлі Варшакидзе, Дүйсехан Оңгелдиев, Сергей Сидоренко, Бақыт Байтөле, Қалыш Молдажанов, Асқар Наурызбаев, Мұрат Білдебаев, Алибек Омаров, Дамир Абдраимов, Евгений Трубников, Рамиль Жатқанбайға аудан тұрғындарының атынан алғыс білдіремін», – деді Б.Байтөле.

Осыдан кейін сөзге шыққан биология ғылымдарының докторы, А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры, Қасық ауылының тумасы, ҰОС ардагері Бектен Бектұрғановтың ұрпағы Базарбек Бектұрғанов сөзге шығып, туған жерінде атқарылып жатқан оңды істерге ризашылығын білдіре келе өз жаңалығымен бөлісті. Базарбек Бектенұлы Қасық ауылына келесі жылы барлық заман талабына сай спорт кешенін салып беретінін жеткізіп, қазір қажетті құжаттарды дайындау үстінде екенін айтты. Жалпы құны 20 млн. теңге болатын алып кешен 2018 жылы Қасық ауылы тұрғындарының игілігіне берілмек. Сөз арасында ауданнан шыққан және арамызда жүрген өнерпаздар акцияны әнмен әрлеп отырды. Мәселен,  «Күміс көмей, жез таңдай» және «Астана жұлдыздары» ән байқауларының бас жүлдегері, ауданымыздың тумасы Риза Илиясова, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Қарлығаш Қожағазина, жас өнерпаздар Сәуле Жуатбекова, Құндыз Байбулатова және Төлеген Қыдырбек өз өнерлерін ортаға салды.  «Қолымыздан келгенше қайырымдылық жасауға атсалысып жатырмыз. Мен салып берген төрт үй соның бір көрінісі. Тағы бір үй құрылысын көп ұзамай аяқтап қаламыз», – деді сөз алған «ССС» сауда кешенінің басшысы Сәрсебек Салыбаев. Жалпы құны 17 млн.теңге болған төрт үй иелеріне тапсырылса, аз қамтылған отбасына арналып құрылысы жүріп жатқан тағы бір үйге 9 млн. 900 мың теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар құны 50 млн. теңге болатын этномәдени қалашық пен заманауи экологиялық жылу жүйелерін салуды 2018-2019 жылдарға жоспарлап отыр екен. Оған қоса Қордай ауылдық округінде құны 10 млн. теңге тұратын демалыс орнын 2018 жылы ашуды жоспарлауда.  Ауданның Құрметі азаматы С.Салыбаев бұл қайырымдылық шаралармен тоқтап қалмайтынын айтты. Мәселен, жағдайы төмен отбасында үйленген азаматқа 500000 мың теңгеге тойын жасап беруге де уәдесін берді. Осыдан кейін сахнаға көтерілген Кенен ауылының тумасы, жеке кәсіпкер, сәулетші, Кенен ауылы маңында салынған «Тұлғалар тұғыры» монументінің авторы Бақыт Сегізбаев өзінің туған жеріне көмек қолын созуға дайын екенін айтты. Шамаман 100 млн.теңге туған жер игілігіне жұмсалмақ. Ол қаржыға 2018-2019 жылдары округте демалыс орны, балақша салынатын болады.  Ал аудан орталығы тұрғындарының көзайымына айналған «Флагман» сауда үйі басшысы, қайырымдылық жасау жағынан да кенде қалып жүрмеген кәсіпкер Шахманалы Жилкибеков кәсіпкерлердің бүгіні мен ертеңі турасында сөз қозғап, алдағы уақытта халықпен етене жұмыс жасайтындығына сенім білдіре келе 2018-2020 жылдары Қордай ауылында жалпы құны 60 млн. теңге болатын спорт кешенін салып, онда 20-30 жұмыс орнын ашуды көздеп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге құны 50 млн.теңге болатын жылыжай кешенін салып, оған 12 жұмыс орнын ашып, ауданымызда бағаны тұрақтатуға өз үлесімді қоссам деген ниетін де жасырмады. Бұл жұмыстар 2018-2019 жылдарға жоспарланған екен. Осыларға қоса келесі жылы аудандық Мәдениет үйіне 500000 теңгеге дыбыс күшейткіш колонка алып беретін болды. Жекеменшік «Балбала Қордай» балабақшасын ашқан жас кәсіпкер Дәурен Райымқұлов барша жиналған қауымды Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруда бірлікте болуға шақырып, жаста болса бас бола білген кәсіпкер ауданға жасайтын игі істері жайында баяндап берді. Жалпы сомасы 30 млн. теңгеге Қордай ауылының орталық саябағына көгалдандыру және безендіру жұмыстарын 2018 жылы бастайтындығын айтып, көпшілік қошеметіне бөленді. Осыған қоса Қаркемер ауылы тұрғыны С.Бақаев 2 аз қамтылған отбасына құны 8 млн. теңге болатын екі үй салып берсе, аталмыш округтегі «Нұрсұлтан» ШҚ басшысы С.Бақаев бір аз қамтылған отбасына 5 млн. теңге болатын үй құрылысын жүргізуде екен. Тағы бір қаракемерлік азамат Ш.Иманбаев бір аз қамтылған отбасына 5 млн. теңгеге тұрғын-үй құрылысын жүргізуде. Ал Қақпатас ауылында жеке кәсіпкер А.Көпешова құны 15 млн. теңге болатын 75 орындық балабақша құрылысын бастап, 10 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр екен, ал степнойлық кәсіпкер Ж.Оспанов жалпы құны 26 млн. теңге болатын 100 орындық балабақша құрылысын бастап, 9 жұмыс орнын ашуды көздеуде.

«Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында іске асқалы отырған жобалардың жалпы құны 477 млн. 900 мың теңгені құраған. Бұл аудан азаматтарының елге деген үлкен сүйіспеншілігінің арқасында деп білуге болады.

Осыдан кейін аудан әкімі Болатбек Байтөле ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, қоғамдық-саяси өмірінің жан-жақты дамуына және түрленуіне қажырлы күш жұмсағаны үшін ауданның кәсіпкерлері Сәрсебек Салыбаевқа, Бектұрсын Жансеріковке, Жұмабек Ещигановқа, Евгений Трубниковқа, Сергей Сидоренкоға, Шахманалы Жилкибековке және Арсмане Харкиге Алғыс хат табыс етсе, жиын соңында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет осы күні ұйымдастырылған шараның мән-маңызын, Елбасы тапсырмаларының ауданда табысты жүзеге асып жатқанын айтып өтті.


Egov