Жамбыл облысыҚордай ауданыАуданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы


Аудан әкімі Болатбек Байтөленің 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің

16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік

күнімен құттықтауы

 

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Осыдан 26 жыл бұрын еліміз дүние жүзіне тәуелсіздігімізді жария етіп, мәңгілік ел болудың алғашқы қадамын жасады. Бұл күні ата-бабамыздың асқақ арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Тарихи оқиғаларға толы 16 желтоқсан біз үшін қасиетті күн саналды!

Егеменді еліміздің бүгiнгi жеткен биiгiнен тарихымыздың арғы шежiресiне қарайтын болсақ, бүгінгідей абыройы асқан, экономикасы дамыған, болашағына нық сенген Қазақстан болған емес. Біз аз уақыт ішінде дәулеті мен сәулеті жарасқан қуатты елге айналдық. Мемлекет шекарасы айқындалып, іргеміз ажырамастай бекітілді. Елордамыз – Астана қаласы әлемге танылып, халықаралық, саяси шаралардың куәсі болуда. Соның бірі, бүкіл дүниежүзі көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі елордамызда өтіп, абыройымызды асқақтатты. 

Тәуелсіздік жылдарында жеткен әрбір жетістігіміз бен табысымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халықтың береке-бірлігінің арқасында. «Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, бүгінде бірлік пен татулықты ту еткен түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, ынтымақта өмір кешуде. Бұл түрлі этностар біте қайнасып, бірлікте өмір сүріп жатқанын өз ауданымыздан да көруімізге болады.  Еліміздің осындай биіктерді бағындыруына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қордайлықтар да айтарлықтай үлес қосып келеді. Сондықтан, Тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, тағылымы терең. Алғашқы жылдардағы қиындықтарды бірліктің арқасында артқа тастаған еліміздің бүгінде әл-ауқаты артып, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуында серпінді қадамдар жасалуда.

Ардақты ағайын!

Тәуелсіздік жылдарындағы Қордай ауданының жеткен жетістіктері Сіздер мен біздердің бірлескен жұмысымыз бен ынтымағымыздың жемісі деп білемін. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды, қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы болғай! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!