Жамбыл облысыҚордай ауданыАуданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы


Аудан әкімі Болатбек Байтөленің Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы

Құрметті қордайлықтар!

Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Біз үшін тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір өткен жылы маңызды. Жүз отыздан астам ұлт өкілін бір шаңырақтың астына біріктірген мемлекетіміздің абыройы жыл өткен сайын асқақтап, іргесі берік, мемлекеттігі бекем елге айналуда.

Бүгінде көпұлтты Қазақстан түрлі қиындыққа қарамастан келешекке батыл қадам жасап келеді. Бұл әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халықтың береке-бірлігінің арқасы. Тәуелсіздікке табан тіреген 26 жылда еліміз талай биіктерді бағындырып, әлемдік аренадан өз орнын алды. Мақтанышымыз бен бойтұмарымызға айналған Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі сәтті өтіп, әлем жұртшылығының ықыласына бөленді. Елбасының рухани ізгілік пен жаңғыруға жол көрсеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да биылғы жылдың маңызды оқиғасы болып отыр. Бұл бастама аясында ауданымызда көптеген игі іс қолға алынды.

Өткенге көз жүгіртсек, 2017 жыл Қордай ауданы үшін игілікті іске, нәтижелі жетістікке, берекелі бастамаға толы болды. Аудан халқының ынтымақ-бірлігі, еселі еңбегі арқылы биік белестер мен мақсатты межелер еңсерілді. Барлық сала бойынша белгіленген жоспар орындалды. Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері айтарлықтай артып, көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің түйіні тарқатылды.

Құрметті жерлестер!

Есік ашып, енгелі тұрған Жаңа 2018 жыл ауданымыз үшін одан да маңызды жыл болары сөзсіз. Өйткені, келер жылдың алғашқы айында киелі өңіріміз – Қордай ауданының 90 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Сонымен қатар, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отырған ауылдық округтерді газдандыру мәселесі де шешімін тапқалы отыр.

«Бірлігі бар елдің тірлігі бар» демекші, бірге атқарған берекелі еңбектеріңіз бен танытқан қолдауларыңыз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін. Келер жылы жүзеге асырылатын басым бағдарламалардың оң нәтиже беруі – Сіздер мен біздің ынтымағымыз бен бірлігімізге байланысты. Біз қасиетті құндылықтарымызды қастерлеу арқылы жаңа табыстарға жетеміз, асуларды бағындырып, биік белестерден өтеміз деген сенімдемін.

Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, елімізге береке-бірлік тілеймін! Өмірлеріңіз ғұмырлы, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Жаңа жыл әр отбасыға бақ пен береке, толағай табыс әкелсін!

Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты ағайын!