Жамбыл облысыҚордай ауданыАуданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы


Ұлт құндылығы – жәдігер «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

Ұлт құндылығы – жәдігер

«Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге –

Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

 

Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

атты мақаласынан.

 

Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің өткен сандарында «Музейге сый тарту» акциясы жарияланған болатын. Акция үстіміздегі жылдың 15 маусымынан 15 тамыз аралығында өтті. Шараның басты мақсаты – аудан көлеміндегі елді мекендер мен жеке тұлғалардың қолындағы елеусіз жатқан тарихи маңызы зор, құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін аудандық музейге тапсыруға үндеу болды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі», деп сирек әрі бірегей тарихи мұраларымызды бір жерге жинақтап, оларды қорғап-қастерлеу жөнінде барша музейлерге үлкен міндет жүктеген еді.

«Музейге сый тарту»  акциясына аудан тұрғындары дұрыс көзқарастарын білдіре білді. Мәселен, Қордай ауылынан Евгений Голуб отбасылық мұрағатта сақталған жіп иіргіштерді, тоқ үтікті, ескі қабырға сағаттарын және т.б. заттарды, Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Абдраим Мусажан жазба машинасын, миксерді, есепшотты (есептеу құралы), Яковлев Вадим бұғы мен арқардың басының тұлыбын музей қорына сыйға тарту етті. Осы азаматтар бүгін музейге тарту еткен заттары келешек ұрпаққа құнды тарихи мұра мен рухани азық болып қалатындығы даусыз. Ендеше тарих тереңінен тамшыдай жинақталған туған жердің тарихын айғақтайтын баға жетпес құнды заттарыңызды музейге сыйға тартып, Отанымыздың тарихи мұраларын толықтыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғыс айтамыз.

Ұлттың рухы, болмыс-бітімі, ата танымы көп нәрседен биік тұрады және оның құны алтынмен де, басқамен де өлшенбейді. «Туған жерге деген сүйіспеншілік Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деп Елбасы айтпақшы, осы қасиетті сезімді бойына сіңіріп өскен балалардан ертең намысты қолдан бермейтін үлкен азаматтар шығады. Сол себептен, қадірменді оқырман, Сіздің отбасыңыз үшін қымбат, көненің көзі болып отырған затыңызды музейге кез келген уақытта өткізуге болатынын естеріңізге саламыз. Алдағы уақытта музейге сыйға тартылған жәдігерлерден арнайы көрме ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

 

А.Кизирова,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері.


Egov