Жамбыл облысыҚордай ауданыАуданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы


Ауданның тарихы

Қырғыз Алатауының терең қойнауынан буырқана суырылып шығып, бертін келе еңіске түсіп, екпіні басылып ағып жатқан ерке Шу өзені ежелден басы төсекте, малы төскейде қосылған қазақ пен қырғыз елінің ара жігін ағытып, шекараны табиғаттың өзі бөліп қойғандай.

Іле Алатауы мен Қырғыз Алатауының  түйіскен шатқалдарынан бастап, төменгі Сарысуға дейін барып құятын Шудың екі қапталын ежелден Шу өңірі деп атаған. Әсіресе бұл атау қазақ жұртына тән спетті. Өйткені, Шудың шығар басынан аяғына дейінгі, яғни Бетпақ шөліне дейінгі 800 шақырымнан астам аралық қазақ жерімен ағып жатқандығы белгілі.

Сулы жер қашанда нулы, берекелі, малға – жанға жайлы болғандықтан бұл өлкені етене жақын екі ел ерте заманнан қоныс етіп, мал өсіріп, қала салып, Ұлы жібек жолы өтетін өңірге айналдырған.

Тарихи кітаптарға үңілсек бұл өлке қазақ елінің ертеден өркен жайған мекені болған. Оның бойында Суяб, Баласағұн, Ісбіжап тағы басқа қалалар мен қоса ірі елді мекендер көп болған. Бұл туралы Шу өңірінде 1015 жылдары туған ұлы ойшыл, данышпан ақын Жүсіп Баласағұн, ХІ – ғасырда өмір кешкен, Ұлы ғалым, жерлесіміз Махмұт Қашқари өздерінің тарихи еңбектерінде айтып кеткен. Олар өз жазбаларында Шудың шұрайлы сағасын жиырмадан астам рулы елдер мекендегенін, бұл өлкеге атақты Шыңғысхан мен Александр Македонскидің қолы да жеткені сөз болады.

Ал, біздің сөз етпегіміз және басты мақсатымыз жоғарыда айтылған құнарлы да шұрайлы, Шу өңірінің дәл төскейіне орналасқан қазіргі Қордай ауданының әкімшілік тұрғыдан құрылған нақты жылы, оның уақыт ағымдарына қарай территориялық өзгерістерге ұшырауы, экономикалық және географиялық қалыптасуы, ауданның кезең – кезең бойынша өркендеуі сияқты мәселелерді тарихи деректерге сүйене отырып баяндау.

Ресей патшалық отаршылдығы кезінде бұл өңір Жетісу губерниясы болып, оның ішінде болыстықтарға бөлініп келген.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап елді мекендерді жер мен онда орналасқан елді мекендерге қарай территориялық – әкімшіліктерге жіктелу басталды.

Деректі құжаттарға қарасақ Шу өңірі 1921 жылғы 1 қазандағы өзгерістер бойынша Жетісу губерниясының Алматы уезінің құрамында болды.

1925 жылғы өзгерістерге сәйкес алғаш рет орталығы Георгиевка селосы болып Шу ауданы құрылды. Ол Жетісу губерниялық атқару комитетіне қарады. Кеңес өкіметінің жаңадан күш алып, бұрыннан келе жатқан елді мекендердің территориялық шекараларын қалыптастыруда жерлердің орналасуы мен ондағы елдердің тұрмыс жағдайларының ерекшеліктері территориялық – әкімшілік өзгерістерді жиі өзгертуге әкеліп отырды. Сөйтіп, 1928 жылдың қаңтарындағы әкімшілік – территориялық жіктеу бойынша Шу өңірінің қазіргі Қордай бөлігі Шу ауданы деп аталып, ал Қазіргі Шу ауданының басым бөлігі жаңадан құрылған Шоқпар ауданына қарады.

1930 жылғы 23 шілдедегі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің округтік жіктеуді жойып, оның орнына аудандық жіктеуді енгізу жөніндегі қаулысына сәйкес сол жылғы 17 желтоқсанда Шу ауданының жаңа территориялық – әкімшілік ауқымы анықталды. Оның орталығы болып Шу станциясы белгіленді. Ал, Қордай ауданының әкімшілік – территориялық құрамы шамамен қазіргі көлемде белгіленді. Алғашында оның орталығы Қасық ауылы болып, кейіннен Георгиевка аудан орталығы атанды.

Ал, Алматы облысының мұрағат деректеріне жүгінсек Жетісу Губерниялық Атқару Комитеті төралқасының 1928 жылғы наурыздың  27-29 күндері өткен кезекті мәжілісінің ІІ – хаттамасында «Аудандастар жобасын анықтау туралы» мәселе қаралып, онда Қордай ауданын Қордай және Қастек аудандарына бөліп, Қастек ауданына 1 – 7 ауылдарды, Майтөбе болыстығының Қарабұлақ ауылын, Ұзынқарғалы болыстығының 1 – 5 және 10 – 12 ауылдарын қалдыру, сондай – ақ Қастек ауданының орталығы Тарғап қыстағы деп белгіленген. Яғни, сол кездегі Қордай ауданының шеңберіне Алматы облысы Жамбыл ауданының біраз жері мен елді мекендері қараған.

Тағы бір мұрағат құжаттарында Қастек ауданының 1928 жылғы қыркүйектің 3- дегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің арнайы Жарлығымен құрылып, шекараның бекітілген жайлы деректер бар. Осы деректерге сүйене отырып, 1928 жылдың  3 қыркүйегін Қастек ауданының ресми түрде құрылған күні деп санаған.

Жоғарыда көрсетілгендей, осы жіктеу кезінде қазіргі Ақтерек ауылы да Қордай ауданында қалып, кейіннен, 1964 жылдың 22 шілдесінде Қазақ КСР – і Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысы негізінде Алматы облысының құрамына берілді.

Бұдан кейінгі 1932 жылдың 10 наурызындағы территориялық – әкімішілік өзгерістер Қордай ауданына бәлендей өзгерту енгізген жоқ.

Сонымен, бүгінгі Шу өңірінде  территориялық – әкімішілік тұрғыдан Қырғыз Республикасының Жетісу губерниясының Алматы уезінің Қордай ауданы (Жоғарғы Шу өңірі), Шу ауданы (Шу өңірінің орта сағасы), Мойынқұм ауданы (Шудың төменгі сағасы) деп танылған.

Кейбір деректі құжаттарда Қордай ауданының құрылған күнін әр тарапқа апарып саяды. Мысалы, Қордай ауданы орталығы  Қасық ауылы болып 1921 құрылған деген мәлімет кездеседі. Енді бірде Қордай ауданының бүгінгі  әкімішілік –территориялық құрылуын анықтау ісіне негіз ретінде 1930 жылғы жоғарғы билік органдары: Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (Бүкілресейлік ОАК) мен Қазақ Орталық Атқару Комитетінің тарапынан қабылданған шешімдері көлденең тартады. Өйткені, осы жылғы Қордай ауданының әкімішілік –территориялық аумағы мен құрылымына байланысты қабылдаған шешімдері еш өзгеріссіз күшінде қалып, сақталып келеді. Алайда, көршілес Алматы облысының Қастек ауданының Қордай ауданынан бірінші деректі құжаттарда 1928 жылдың 27 – 28 наурызында екінші мұрағаттық деректе 1928 жылдың 3 қыркүйегінде шықанын негізге алсақ, бұған қосымша Шу ауданының тарихи деректеріне сүйенсек Қордай ауданы 1928 жылдың 17 қаңтарында құрылғанына нақты көзіміз жетеді.

Сөйтіп, 1928 жылдың 17 қаңтарынан бастап Алматы өңірінің құрамында шаңырақ көтерген Қордай ауданы 1939 жылдың 14 қазанында жаңадан құрылған Жамбыл облысына берілді.

Қордай ауданының тарихы туралы бұл кітап өткен ғасырдағы республика аумағындағы мыңдаған халықтар бастан өткізген небір нәубеттер мен тауқыметтер сияқты, аудан тұрғындарының да уақыт толқындарымен әкелінген қилы кезеңдерді қамтиды.

Кітаптың негізгі мақсаты ауданның революциялық төңкерісіне дейінгі экономикалық – әлеуметтік сипаты, кеңестік дәуірдегі дамуы мен қалыптасуы және нығаюы сияқты белестерді қамту.

Кітапқа негізінен бұған дейін аудан, облыс көлемінде жинақталған, топтастырылған материалдар, әр деңгейдегі мұрағат материалдары, деректі құжаттар, шығарылған кітаптар мен түрлі естеліктер, көнекөз қариялармен болған кездесулердегі нақты фактілерге негізделген әңгімелер енгізілді.

Қоғам жеке адамдардың белсенді араласуынсыз, олардың қатысуынсыз ілгері дамымайтындығы ақиқат. Осыны біле тұра, біз ауданның 85 жылдан астамғы уақытта сан мыңдаған адамдардың жеке позициялары мен факторларына тоқтала алмадық. Біз, сол сан мыңдаған адамдардың күшімен, ерігімен, жігерімен жасалған кеңестік дәуірдің қоғами ілгерілеуін бейнелеп, ішін ара ғана ерекше көзге түскен тұлғалар жөнінде аз – кем айта кеттік. Ал, уақыттың тапшылығы мен қойылған мақсаттың өзгешілігі аудандағы қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс деңгейі, әл – ауқаты, әлеуметтік жағдайы, алатын еңбек ақысы, тұлғаның ұстанымы мен сипаты сияқты сан қырлы мәселелеріне талдау жасап, тоқталуға мүмкіндік болмады. Мұндай өмірлік маңызы зор мәселелерге келешекте талдаулар жасалынатынына және оған әділ баға берілетіне біз күмәнданбаймыз.

Жасыратына жоқ кеңестік биліктің қоғамды ілгері бастырудағы түрлі әдіс – айлалары мол еді.

Әсіресе, экономикалық – әлеуметтік бағыт бағдарламалары бесжылдық, жетіжылдық жоспарлармен бекітіліп, оны бақылау мен іске асуын талап ету қатаң жолға қойылатын. Нәтижесінде, жоспарлар артығымен орындалып, елдің жағдайлары да жақсарып, халыққа ең қажетті білім, мәдениет және денсаулық салалары да жоғары деңгейге жетті.

Қорыта келгенде, қысқа мерзімде Қордай ауданының 85 жылдан астам кезеңдегі болған барлық тіршілік – тынысын бүге – шүгесіне дейін толық қамту мүлде мүмкін емес.

Негізгі мақсат ауданның қалыптасу кезеңінен бастау алып, осы күндерге дейінгі әр саладағы өсуі мен өркендеуі сияқты басты мәселелерді қамту еді. Бұл жағынан алдыға қойылған мәселе мүмкіндігінше қамтылды десе болады. Оның кейбір тұстардағы олқылықтары мен кемшілік жерлерін толықтыра түсу келешек уақыттың еншісіне қалып тұр.

Уақыттың тапшылығы, көптеген толыққанды материалдардың жетіспеушілігі аудан құрылымының кейбір салаларын жіліктеп талдауға мүмкіндік бермеді. Келешекте мұндай талдаулар мен зерттеулерге көңіл бөлініп, бұл мәселе жетілдіріле түсетініне күмәніміз жоқ.

Ауданның 85 жылдық тарихи кезеңіндегі материалдарды топтастыруға аудан жұртшылығының көпшілігі жақсы ат салысып, өз үлестерін қосты. Сондай – ақ, «Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлеріне, Шу, Қордай аудандық мемлекеттік мұрағаттары  коммуналдық мемлекеттік мекемелері қызметкерлеріне Қордай аудандық мұражай басшылығы мен Қордай аудандық орталық кітапхана ұжымдарының қызу  ат салысуы мен қолдауларына шынайы рахметімізді білдіреміз.