Жамбыл облысыҚордай ауданыАуданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы


Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің 2016 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі.

Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің 2016 жылы атқарылған жұмыстары

туралы есебі.

 

 

Елімізде 2015 жылы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң аясында республикалық және жергілікті деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылып, олар бүгінде өз жұмысын жүргізіп келеді. Елбасы жариялаған  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сай ерекше мәртебе мен өкілеттілікке ие қоғамдық кеңес Қордай ауданында үстіміздегі жылдың ақпан айында құрылды.

 

Мақсаты – бюджеттік бағдарламалар жоспарын, стратегиялық жоспарларды, аумақты дамыту бағдарламаларын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау және олардың орындалуын бақылау, сонымен қатар атқарушы органдардың есебін тыңдау, нормативтік құқықтық атілердің жобаларын  әзірлеуге және талқылауға қатысу, мемлекеттік  басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығын қалыптастыру. Тағы бір аса маңызды мәселе – жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекетіне тарту.

Жыл басында аудандық Қоғамдық кеңес құрамының мүшелігіне сайлау өтіп, құрамы 21 адам болып бекітілді, алға қойған мақсаты пысықталып, жоспары құрылды. Кеңес отырыстары арасында жұмыс жүргізу үшін 7 адамнан тұратын  төралқа мүшелері сайланды, 5 тұрақты комиссия жұмыс істей бастады.

Кеңес құрамында мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, аудандағы белсенді азаматтар бар. Қоғамдық кеңестің төрағасы – аудандық мәслихат депутаты Біржан Әлімбет.

21 адамнан тұратын аудандық Қоғамдық кеңестің 5 комиссиясы  өз комиссиясына қатысты мәселелерді қарайды. Олар: бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комиссия; Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жөніндегі комиссия; Аграрлық саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер мәселелері жөніндегі комиссия; Кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі комиссия; Әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия. Барлық тұрақты комиссиялардың жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімдігінің, мекемелердің комиссияларына мүше болып енгізілген. Аудандық Қоғамдық кеңес ақпан айында өткен бірінші жиынында аудан әкімінің есебін тыңдады. Бұдан өзге әр тоқсанда маңызды бір сұрақты талқылау жоспарланған. Бірінші тоқсанда қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, болдырмау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу бойынша жұмысы қаралды. Аудандық Қоғамдық кеңестің қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен өткен жиында орта мектеп пен колледждерде оқитын балалармен, оның ішінде мектепішілік есепте тұрғандармен қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ аралас мектептердегі инспекторлардың жұмысын күшейту, түрлі рейдттерді  жиі ұйымдастыру, т.б. маңызды мәселелер бойынша шешім қабылданып, АІІБ басшысына ұсыныс берілді. Сондай-ақ, аудан орталығына бейнебақылау камераларын  орнату мәселесі қаралған болатын. Бүгінде Төле би мен Жібек жолы көшелерінің қиылысына 4 бейнебақылау камерасы орнатылды.

Ал екінші тоқсанда аудандық орталық емхананың және ауылдық округтердегі дәрігерлік амбулаториялардың  атқаратын қызметі, сондай-ақ халықты тегін  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Онда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері З.Қадырбековаға отырыста айтылған  сын-ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, өмірлік маңызы бар  аурулардың алдын алу, болдырмау және онымен күресті жүргізу жұмыстарын жақсарту бойынша кешенді бағдарлама жасауды қолға алып, іс-шаралар жоспарын  әзірлеп, орындауға кеңес берілді.

Жоспардан тыс өткен іс-шараларға мамыр айында Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Кәрібайұлы бастаған жұмысшы топтың жер мәселесі бойынша аудан активімен кездесуін жатқызуға болады. Сонымен қатар, мамыр айында бөлім басшылары ауылдық округтерге шығып, халық алдында есеп берген болатын. Оған аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, бөлім басшыларының жұмысына баға берді. Ал халықтан түскен арыз-шағымдар мен өтініштер қажет болған жағдайда кезектен тыс қаралады. Мысалы, Жамбыл ауылдық округі әкімі Д.Темірден түскен хат негізінде аудандық Қоғамдық кеңес шілде айында Жаңатұрмыс ауылында  жоспардан тыс көшпелі жиын өткізді. Аудан әкімінің орынбасары, Жамбыл ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме, ұйым басшылары мен жергілікті халық жиналған кездесуде біраз мәселе көтеріліп, барлық сұрақтарға сол жерде нақты әрі толық жауап беріліп, шешімі табылды. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта жалпы мәселелерді талқылау бойынша жергілікті жерлерде халықпен 3 жиын өткізіліп, түскен арыз-шағым негізінде 7 кездесу ұйымдастырылды.

Үшінші тоқсанда аудандық білім бөлімінің «Балапан» бағдарламасының орындалуы тыңдалды. Атқарған жұмыстарына оң баға беріліп, бұл жұмысты одан ары жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Мысалы, «Қуаныш» жекеменшік балабақшасында мүгедек балаларға  арналған бөлім ашып, мамандармен қамтамасыз ету үшін қосымша қаржы қарастыру ұсынылды, материалдық базаларын жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.

Төртінші тоқсанда аудандық мәслихаттың және қоғамдық кеңестің жыл бойы атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалады. Оң баға беріліп, ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге, ауданда «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау» туралы заңның орындалуы бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Тыңдаудың қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестің төралқа және тұрақты комиссия отырыстарында мемлекеттік орган басшыларының, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есебін тыңдау бойынша 7 мемлекеттік органның есебі тыңдалып, сәйкесінше баға беріліп, ұсыныс айтылды.

Нормативтік-құқықтық актілердің жобалары бойынша 7 мәселе қаралып, сәйкесінше шешім шығарылып, ұсыныс берілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс та жолға қойылған. 2016 жылы аудандық  Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінде 38 мақала жарияланды.

Қорыта айтқанда, Қордай аудандық Қоғамдық кеңесі 2016 жылы 30-дан аса мәселе қарап, тиісті шешім қабылдап, өзінің ұсыныстарын берді. Қазіргі таңда тиісті мекемелер берілген ұсынысты орындау мақсатында іс-шара жоспарын қабылдап, жұмыс жүргізуде. Қаралған барлық мәселелер қадағалауға алынды.

 

Біржан ӘЛІМБЕТ,

Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.