home
home home

Елді мекендердің еңсесі көтерілмек

 

«Ауыл – ел бесігі» жобасы жайлы бірінші рет 2019 жылы айтыла бастаған еді. Аталмыш жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Еліміздегі 7,7 миллионнан астам ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсартуды көздеген жоба Қордай ауданында нәтижелі іске асып келеді деуге толық негіз бар.

Мәселен, 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қордай ауылдық округінің 21 көшесіне ағымды жөндеу жұмысы жүргізіліп, аудан бойынша 3 спорт сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар, Қордай ауылында бірқатар көшелерге тротуар төселіп, құрылыс барысында жалпы 301 адам жұмыспен қамтылды.

Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар екені шындық. Мәселен, ауданымыздағы ауылдарда бірқатар білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмысын жүргізуді қажет етеді. Сонымен қатар, инженерлік желілері де тым тозған елді мекендер әлі бар. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасатын болады. Алдағы жылдарда жоба аясында Қордай ауданында атқарылатын істердің жоспары ауқымды.

Мәселен, аудандағы елді мекендердің көшелерін асфальттау, автомобиль жолдарын жөндеу жұмысы қарқын алмақ. Білім беру саласына тоқталсақ, №1, №2, №24, №41 мектептеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болса, Арал, Бәйтерек ауылында 180 орындық мектептің құрылысы және құрылысы басталған Қалғұты, Күнбатыс-2 және Масаншы ауылдарындағы мектептер аяқталатын болады.

Жамбыл, Масаншы, Қайнар, Сортөбе және Отар ауылдарындағы медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, Жамбыл, Отар, Қарасу, Бетқайнар, Қақпатас ауылдарында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жоспарда бар. Ал, Қордай, Сұлутөр, Еңбек, Сортөбе, Ауқатты және Қордайдағы (Красный партизан) мәдениет үйлері, клубтар жөнделіп, тұрғындар игілігіне беріледі.

Жақында ауданда бірден 3 спорттық-сауықтыру кешені қолданысқа берілсе, Бетқайнардағы спорт кешенінің құрылысы жақында аяқталмақ. Жалпы аудан тұрғындарын спортпен шұғылдануына ынталандыру, бұқаралық спортты дамыту жұмысы мұнымен шектелмей жалғасын табады. Мысалы, Ауқатты, Қарасай, Қарасу, Сарыбұлақ және Үлкен Сұлутөр ауылдарында да спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынбақ. Ал, қордайлық спортсүйер қауым үшін жағымды жаңалық – Қордай ауылының орталық стадионына да күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Осы игі бастаманың барлығы іске асқан күні спортпен шұғылданушылардың саны едәуір артатыны рас.

Мұның барлығы жоспардың бір парасы ғана. Сонымен қатар, ауылдардағы ауыз сумен қамту жүйесін жаңғырту, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңа тротуарлар төсеу сынды жоспарлар жетерлік.

Иә, ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көз, алтын бесігі. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолына нық шығуда ауылдың алар орны ерекше. Тұрғындардың барлығын қалаларға шоғырландырмай, еңбек ресурстарын әртараптандыру бағытында аталмыш жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтынына сенім көп.

Еркін Қатбеков

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.