home
home home

Өткен жылға өкпе жоқ

 

Ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері әлі де жалғасуда. Кезекті жиын Ноғайбай ауылдық округінде өтті. Құрамына Шарбақты мен Сарыбастау ауылдары кіретін округ әкімінің есепті кездесуіне ауыл тұрғындары көптеп жиналып, бір жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысын тыңдады.

Округтегі есепті жиын ең әуелі Шарбақты ауылынан басталды. Табиғаты талайды тамсандарған Шарбақты үшін өткен жыл жемісті болғаны рас. Мұнда мемлекет қамқорлығымен қатар ауылдан шыққан кәсіпкерлердің де шапағаты сезіледі. Бұрындары округ орталығына қатынайтын жолдың сапасы сын көтермейтін еді. Жылдағы жиындарда тұрғындар осы мәселені жиі көтеріп, оның жөнделуін сұрайтыны да көпшіліктің есінде. Абырой болғанда жуырда екі ортадағы жолға тақтайдай тегіс асфальт төселіп, жұртшылықтың тілегі толық орындалды. Сондай-ақ, ауыл жастары үшін елді мекенде спорт залы бар. Онда жастар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылданады. Осы тұста ауылда құрылыс жұмыстары қарқын алғанын айта кеткен жөн. Ауылдан шыққан азаматтардың арқасында мұнда кіші футбол алаңы салынуда. Сонымен қатар, мешіттің кірпіші қаланып, мұнарасы көтерілген. Көктемде нысан құрылысы қайта қолға алынып, жуық арада ел игілігіне берілуі бек мүмкін. Көптеген игі іс атқарылған ауылда алдағы жылдарға қойған жоспарлар да жоқ емес. Ауыл ақсақалынан бастап жасына дейін жиылған кездесуде округ әкімі Ғабиден Тулақбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Әкім есебіне сүйенсек округ бойынша бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан жоғары орындалыпты. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен жасалған жұмыстар да аз емес. Осы іспеттес мәселелерді тұрғындарға егжей-тегжей түсіндірген ауыл әкімінің жұмысына шарбақтылықтар қанағаттанарлық деген бағасын берді. Сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, оған ауыл әкімінің жауабы да берілді.

Осыдан кейінгі кездесу Сарыбастау ауылында жалғасты. Шағын ғана ауылда атқарылған жұмыстарға қарап таң қалмайтын адам жоқ шығар сірә. Ауыл тұрғындары бірлесіп ауыл саябағын салған. Жұмыс әлі де қыза түсетін сыңайлы. Бүгінде саябақта түрлі сұрыпты үш мыңнан астам көшет болса, алдағы уақытта оның санын бес мыңға жеткізу көзделген. Өткен жылы бұл ауылда да әкімдік тарапынан біршама игі істер атқарылыпты. Соның барлығын жіпке тізген ауыл әкімі былтырғы жұмысын қорытындылады. Округ бойынша жасалған жұмыстардың ешбірін қалдырмай баяндап, алдағы жоспарларды да нақтылап өткен әкімге ауыл тұрғындары ризалығын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.