home
home home

Жасөспірімдер жүктілігі –  қоғам проблемасы

 

Ерте жүктілік – бұл қазіргі замандағы қоғамның медициналық, психологиялық, әлеуметтік тұрғыдағы проблемасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында ерте жүктілік деп 20 жасқа дейінгі қыздардың жүктілігі саналады. Жыл сайын елімізде, облысымызда ерте жүктіліктің саны өсуде. Ондай жағдайлар ауданымызда да аз емес. Елді мекендерде әкімдіктер, мектеп, колледж басшылары, медицина ұйымдары профилактикалық жұмыстар жиі жүргізуіне қарамастан өспірімдер арасындағы осындай оқиғалар саны төмендемей отыр.

Ерте жүктіліктің себептері келер болсақ, алдымен үйде және мектепте жыныстық тәрбиенің жоқ болуы. Жыныстық тәрбиені 12-13 жастан бастаған жөн, себебі қазіргі кезде жыныстық жетілу 12 жастан байқалады.

Тағы бір себеп, отбасында балалардың жалпы тәрбиесінің болмауы. Ата-аналар балаларға тиісті көңіл бөлмеуі, балалармен тәрбие жұмыстарын жүргізбеу, жақсы мен жаманның айырмашылығы, ненің рұқсат, ненің рұқсат емес екендігі туралы айтылмауы, 18 жасқа дейінгі баланың өмірі мен қылықтары үшін жауапты екенін сезінбеуі осындай жағдайларға алып келеді. Ерте жүктілік толық емес, тұрмысы нашар отбасыларда жиі кездеседі.

Сонымен қатар, жасөспірімнің өзінен жасы үлкен дос-тары болса олар баланың мінез-құлқына теріс ықпал етуі мүмкін. Бала ересек таныстарына еліктеп, оның жасына рұқсат етілмеген қылық жасауы мүмкін.

Тағы бір себеп, ересектер тарапынан зорлық-зомбылық көрсету. Бұл сирек кездесетін, дегенмен орын алып тұратын құбылыс. Осылардың ішінде әдейі жоспарланған ерте жүктілік те бар. Жоспарланған жүктілік, бойжеткен белгілі бір себептен отбасыдан кетіп қалғысы келсе немесе жігітін ұстап қалу үшін әдейі жүкті болады. Біздің ауданда ерте жүктілікке тағы бір себеп – бірқатар ұлттардың салт-дәстүріне сай ата-аналары қыздарын тұрмысқа ерте беруінен болып жатады. Көбіне жасөспірімдер жүктіліктен сақтану шараларын қолданбайды.

Ерте жүктіліктің салдары:

Қыздың ағзасы физикалық және психологиялық тұрғыдан толық дамымаған. Ол өзі әлі бала, сондықтан жүктілік пен босанудың барысына жауап бере алмайды.Ағза толық тыңаймағаннан түсік, ерте босану, баланың өлі туылуы, денсаулыққа қауіпті жүктіліктің асқынуы (қан кету, миға қан құйылу, психологиялық бұзылыстар, босанғаннан кейінгі психоз, т.б.) жиі кездеседі.

Ерте жүктілікке байланысты отбасыда ұрыс-керіс, құрбы-құрдастардың, қоғамның көзқарасының өзгеруі пайда болып, ол жүктілік кезінде одан да зор асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.

Жасөспірім жүкті болып қалса не істеу керек?

Жүктілік туралы анаңызға айтыңыз. Анаңызбен бірге гинеколог дәрігерге барып, тексеруден өту қажет. Егер баланы босанатын болсаңыз дәрігерлер тарапынан бақылау жүргізіледі.

Егер жүктілікті тоқтататын болсаңыз, тексеру жүргізіліп,  анаңызбен бірге абортқа жолдама беріледі. Барлық процедураларға ата-ана, ерекше жағдайда қамқоршылар рұқсат береді.

Ерте жүктілікке жол бермеу үшін не істеу қажет?

Ата-аналар балалардың тәрбиесіне көңіл аударуы  қажет. 12 жастан бастап адамгершілік туралы түсіндіріп, бағыт-бағдар көрсетіп, рұқсат етілген немесе рұқсат етілмеген дүниені үйрету қажет.

Балалар жалғыз қалмауы керек, олар біреудің қадағалауында болуы қажет.

Түнгі уақытта ересектерсіз жүрмегені жөн. Қызыңыздың мінез-құлқын, денсаулығын, ай сайын циклдың өзгеруін бақылаңыз. Балаңыздың достарына, айналасындағы адамдарға, құрбы-құрдастарына, интернетте қарым-қатынасы бар адамдарға, мектептегі үлгеріміне назар аударыңыз. Ұл-қыздарыңызға олар 18 жасқа дейін әлі бала екенін айтып, олардың қылықтары үшін сіз жауапты екеніңізді түсіндіріңіз. Заңға сай салт-дәстүрлерді қайта қарап шығыңыз. Қыздарды тұрмысқа ол кәмелетке толғаннан кейін беруге болады. Балалардың тәрбиесіне көңіл аударайық. Олардың өміріне ата-ана жауапты!

Ш.Өсербаева,

Қордай АОА әйелдер емханасының меңгерушісі

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.