home
home home

Жат ағымға ермеудің жолы – сауаттылық

 

Осы аптада Қордай ауданына келген Жамбыл облысы әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының мамандары тұрғындармен кездесіп, дін саласына байланысты мәселелер төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімдігінде өткен жиынға әкімдік мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиында Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығы оңалту бөлімінің инспекторы Сержан Құлтаев сөз алып, елімізде тыйым салынған теріс ағымдар, олардың пайда болу тарихы және оларды анықтайтын айырықша белгілері жөнінде толық ақпарат берді. Айта кетсек, жат ағымның арбауына түскен азаматтар әу бас-тан өздерінің агрессияшыл іс-әрекеттерімен көзге түседі. Алдымен олар дін жолындағы өзге азаматтардан ұлттық салт-дәстүрге сай келмейтін киім кию үлгісі, жүріс-тұрысы сияқты сыртқы келбетінің өзгешелігімен ерекшеленеді. Радикалданған адам дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, оны тіпті мойындамайды. Сонымен қатар, спикер деструктивті ағым өкілдерінің қарапайым адамдарды қандай жолмен алдап-арбайтынын айтып өтті. Осы сияқты себептерден жалпы ислам дініне нұқсан келтіріліп, зиян тиюде.

Ислам діні – ата-бабамыздың ұстанған хақ жолы. Осы орайда дін маманы нақты мысалдар келтіріп, ислам дәстүрлері қазақ елінің рухани өміріне еніп кеткенін атап өтті. Спикердің айтуынша, шет елдердегі кейбір діни білім беру орталықтарында оқу өте қауіпті. Себебі, ол жерде білім алатын жастардың санасын улап, жат идеологияны бойына сіндіруді қалайтын арам пиғылды адамдарға жолығып қалуы әбден мүмкін.

– Халық арасында дін мәселелерін түсіндіру жұмыстары біздің басты мақсатымыз. Діни тұрғыда сауатты адамның осындай әрекеттерге баруы екіталай. Еліміз ислам дінін қабылдағанына сан ғасырлар болды, оның таралуына және қазақтарға дінді түсінікті, қарапайым тілмен жеткізген Ахмет Яссауи сынды ғұламаларымыз қосқан үлесі зор, – деді спикер. Кездесу соңында С.Құлтаев қатысушыларды деструктивті ағымдарға қатысты қырағылық танытуға шақырды.

Серғазы Манасбаев

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.