home
home home

Қордай-құт қонған мекен!

 

11 ақпанда аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Рүстем Дәулеттің қорытынды есеп беру жиналысы өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Осыған дейін ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде өткен кездесулердің қорытындысына келген қауым алдымен санитарлық талаптарды сақтау, оның ішінде арақашықтықты сақтап, дәрігерлер нұсқаулығын бұзбауға үлкен мән берді. Былтырғы жылы ауданға бөлінген 35 миллиард теңгеден астам қаржының мақсатты жұмсалуы, аудан әлеуетін арттыруға негізделген тапсырмалардың орындалуы турасында баяндама жасаған аудан басшысының есебі арнайы слайд арқылы сүйемелденіп тұрса, кездесу басталмай тұрып жиналған қауым Қордай ауданы туралы түсірілген бейнебаянды тамашалаған болатын. Іргелі аудандағы жүйелі жұмыстар турасында баян еткен Рүстем Рысбайұлы биылғы жылға жасалып отырған ауқымды жобалар туралы да айтып өтті.

Жиында модераторлықты аудан-дық мәслихат хатшысы руслан Нұрсипатов өз мойнына алды. Сонымен, өткен жылы аудан экономикасының өсімі 122,8 пайызды құрап, өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнім көлемі 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 миллиард теңгеге ұлғайғанын айтқан аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асқан жобаларға да жекелей тоқталып өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша былтырғы жылы егістік алқаптары 71 гектарға ұлғайып, масақты дақылдардың орташа өнімі әр гектардан 24 центнерден айналғанын сөз етіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3,7 мың гектар игерілмей жатқан жерлердің мемлекетке қайтарылғанын жеткізді. Бүгінде қарқын алған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы, мемлекеттік қолдау арқылы алынған техника жайын да жіпке тізген аудан басшысы аталмыш саладағы проблемалық мәселелердің шешімі турасында да айта кетті. Мәселен, 80 пайыз көрші елге суармалы суға тәуелділіктен шығу мақсатында аудандағы бірқатар су қоймаларын салу және қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын жеткізді. Ал, былтыр ПУИД-2 бағдарламасы аясында басталған каналдарды тазарту, су астын бекемдеу жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Рүстем Дәулет осылармен қатар «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында пилоттық жобаға енген Жамбыл ауылдық округіндегі жұмыстарға да тоқталып, қазір онда кәсіпкерлер санының артқанын айтты. Ал, өңір дамуына ерекше серпін беретін инвестиция бойынша аудан әкімі биылғы жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 40599,1 миллион теңге болғанын, қазіргі таңда 5 инвестициялық жоба іске асып жатқанын жеткізді. Осыдан кейін жоғарыда айтып өткеніміздей аудандағы құрылыс-жөндеу жұмыста-рына бөлінген 35,1 миллиард теңгені игеруге, соның аясында қолға алынған 392 жобаға жекелей тоқталған Рүстем Рысбайұлы, тұрғын үй салу, ауыз сумен қамту, елді мекендерді газдандыру, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асуы турасында кеңінен айтып өтті. Әкім баяндамасынан әлеуметтік қорғау, білім саласы, медицина, мәдениет және дене шынықтыру, қайырымдылық, дін мәселелері де шет қалған жоқ. Сан салалы тірліктің бір жылда атқарылған ауқымын айтқан аудан әкіміне жиынға қатысқан тұрғындар тарапынан түскен сауалдар да аз болмады. Мәселен, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет көңілден шыққан тындырымды жұмыстарға алғысын білдіре келе, аудан орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығын кеңейту жайын айтса, ол мәселе бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жеке кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілгенін, биылғы жылы жаңа ХҚКО бой көтеретінін тілге тиек етті. Ал, Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев аудан әкімі мен облыс басшысына бір жылда атқарылған қыруар жұмыстарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Осыдан кейін белгілі блогер Исламбек Дастан индикаторлардың орындалуы, ерте жүктілік, құрылыс сапасы сынды бірқатар сауалын қойып, аудан әкімі бұл сұрақтың барлығына нақты жауап берді. Есеп беру жиынын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден көріп отырған тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға кезек келіп, оларға да сол жерде нақты жауаптар берілді. Олардың қатарында Кенен ауылынан саябақ салу мәселесі болып, Рүстем Рысбайұлы ол жұмыстар биыл басталатынын айтты. Ал, «колхоз» аймағында салынғалы жатқан колледж жайындағы сұраққа жауап берген аудан әкімі ол жұмыстар жеке кәсіпкер тарапынан жүзеге асып жатқанын, жаңа оқу орны сол аймақта қоныстанған азаматтардың шет елде емес өз елімізде білім алуына қолайлы болуы үшін жасалып отырған шара екенін жеткізді. Осылармен бірге жиын барысында биыл аудан орталығында тұрғындарға арналған демалыс орындары салынатындығы айтылды. Жос-пар бойынша оның біреуі «Саяхат» демалыс орнын жаңғырту болса, екіншісі «Цемзауыт» шағын ауданынан бой көтермек. Оларды ауданның кәсіпкерлері қолға алады екен.

Жалпы, осы күні өткен кездесу барысында ауданның әлеуетін арттыруға, дамудың даңғыл жолына түсіп, сәулеті жарасқан елді мекендер санының көбеюіне септігін тигізген, Қордай ауданының тұрмысын жақсартуға тікелей тапсырма беріп, оның орындалуын өз бақылауына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғындар атынан алғыс көп айтылды. Ел Президентінің ауданымызға сапарынан кейін қолға алынған қыруар жұмыстардың бүгінгі жемісін көріп отырған жерлестері атынан Масаншы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Дыдыр Двумаров, аудандық мәслихат депутаты Айша Идыбо, степнойлық ардагер Аманхан Рысымбетовтер алғысын айтты. Расында, Президент пәрменімен қолға алынған жұмыс ауқымы ауданда бұрын-соңды болмаған игіліктерге жетеледі. Бірқатар жұмыстар биыл жалғасын таппақ. Жиын соңында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар маңызды мәселелерге де тоқталды.

«Біз ең алдымен бірлік пен татулықты сақтауды, оны дамытуды қолға алуымыз қажет. Өскелең ұрпақ тіліне, дініне қарамай, бірлікте өмір сүріп, ел дамуына өз үлестерін қосуы тиіс. Ал, оған біз бүгіннен жұмыс жасауымыз қажет. Былтырғы ақпан айындағы оқиға ұмыт бола бас-тады. Барлығын ретке келтіру жұмыстарына қордайлық белді азаматтар мен ақсақалдар атсалысты. Оларға алғысымыз шексіз. Қазақстанда бірінші болып біздің өңірімізде Қоғамдық келісім кеңесі жобасы табысты жүзеге асты. Бір жыл ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Қордай ауданы – мемлекетіміздің айнасы. Өйткені, сырт елден келген азаматтар Қордайға қарап еліміздің қандай екенін таниды. Сол үшін шекара маңында көптеген жұмыстарды қолға алдық. Сонымен қатар, газдандыру, ауыз сумен қамту мәселелерін Қордай ауданында 90 пайыздан асырамыз. Сол бағытта жұмыстарды жалғастырудамыз», – деген Бердібек Машбекұлы кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, инфрақұрылым және де тағы да басқа өзекті мәселелер турасында айта келе мемлекеттік тіл жайына ерекше тоқталып, елімізде тұрып жатқан барлық ұлттар қазақ тілін білуі тиіс, деген ойын ортаға салды. Аймақ басшысы сөзін қорытындылай келе аудан әкімі Рүстем Дәулеттің бір жылда атқарған жұмысына оң бағасын беріп, еліміздің, аймағымыздың дамуы үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырып, қордайлықтарға алғысын білдірді.

Жандос ОМАРОВ


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.