home
home home

Ауыл шаруашылыгы – жетекші сала

 

Еліміздің экономикалық дамуында агроөнеркәсіп кешенінің, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының алар орны ерекше. Аталмыш салаға ауданымызда да көптеп көңіл бөлініп, қыруар тірлік қолға алынып келеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстарды саралап, проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында ауданымызға облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев келіп, аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаевпен бірге бірқатар елді мекендерді аралады.

 

Бірінші кезекте облыс әкімінің орынбасары сапарын шаруа қожалықтардан бастағанды жөн көрді. Осылайша жұмысын Қордай ауылындағы «Дәурен-ай» шаруа қожалығынан бастаған Берік Нығмашев агроқұрылымның мал бордақылау алаңымен танысып, басшысы Жайық Манасбаевпен тілдесті. Мың басқа жуық ірі қараны бордақылайтын шаруа қожалығы етті Алматы қаласына өткізеді екен. Алдағы уақытқа жоспарлары да жоқ емес. Шаруаның ісіне сәттілік тілеген өңір басшысының орынбасары келесі кезекте мал бордақылауға ден қойған «Бай-Нұр» шаруа қожалығына барды. Бордақылау алаңындағы жұмыстың барысымен танысып шыққан ол бірқатар проблемалық мәселелерді көңіліне түйді.

Берік Нығмашев аудандық «Ветеринариялық станция» КММ-не де кіріп, мекеменің жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Ғалымжан Сабыралы көрсетілетін барлық қызмет түрлерін баяндап, ғимараттағы жаңа қондырғы, құрал-жабдықтарды көрсетті. Оның айтуынша, аудандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты, маман тапшылығы жоқ. Күн тәртібіндегі келесі нысан Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде Берік Болатұлы ұжыммен кездесіп, атқарылған жұмыстарды тыңдады. Сонымен қатар, біраз проблемалық мәселелердің жайы да сөз болды.

Осыдан кейін Берік Болатұлы «Қордай-Корм» АШК-не ат басын бұрып, оның басшысы Талғат Сәрсембаевтың жұмысымен танысып қайтты. Мал мен құсқа арналған «ECO JEM» маркалы құрама жем өндіретін кәсіпорында жұмыс қызу. Жақында мұнда «ECO CHICKEN» құс фермасы іске қосылды. Талғат Сәрсембаевтың айтуынша, ауданда табиғи таза өнімге деген сұраныс төмен емес. Десе де жұмысты дамытуда бірқатар қиыншылықтар кездеседі. Берік Нығмашев шаруалардың уәжін тыңдап, қолдан келетін көмекті аямайтынын жеткізді.

Ал, аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары аудандағы шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесті. Жиында жалпы ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер жайында кеңінен ақпарат беріліп, өзекті сұрақтар талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетілетін сан түрлі қолдауды жік-жігімен бөліп, әрқайсысына тоқталып, ауқымды ақпаратты назарға ұсынды. Оның мәліметінше, асыл тұқымды малдарды көбейтуге, өсімдік шаруашылығын ілгерілетуге, тіптен балық шаруашылығын дамытуға субсидиялар беріледі. Сонымен қатар, түрлі бағдарламалар аясындағы қолдаулар да жеткілікті. Осы мемлекеттік қолдауларды қалай алуға болатыны, қандай құжаттар және қай жерге өткізу керектігі айтылды. Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Тараз ӘКК» өкілдері жеңілдетілген несие, лизинг және өзге де қаржыландыру жолдарын баяндап, шаруалардың сұрақтарына жауап берді.

Келелі жиыннан соң Берік Нығмашев Жаңатұрмыс ауылында тұрғындармен кездесті. Онда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында Жамбыл ауылдық округінде атқарылған жұмыстар талқыланды. Ауыл әкімі Айдар Бірімқұлов пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап берді. Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары және басқарма басшысы нақты қандай жұмыстар атқарылғанын жиналған көпшіліктен сұрады.

– Менің бұл ауылға келген мақсатым сіздердің пікірлеріңізді өз құлағыммен естіп, қандай қиындықтар мен ұсыныстардың барын білу. Сіздерді ашық диалогқа шақырамын, – деді Берік Болатұлы.

Иә, пилоттық жоба ауыл өміріне айтарлықтай жағымды өзгерістер енгізді. Ауыл тамырына қан жүгіріп, тұрғындар кәсіп бастады. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Жиында пилоттық жоба аясында құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне қатысты біраз сын айтылды. Аталған агроқұрылым қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенімен, бүгінде жұмыс тұралап тұр. Мұны облыс әкімінің орынбасары да атап өтті. Тұрғындар жиында тағы біраз қиындықтарды алға тартты. Бұл қатарда жайылым жер, суармалы су және өзге де проблемалар бар. Берік Нығмашев арнайы мамандардың көмегімен ауыл маңындағы барлық жерлерді зерттеп, жайылым мәселесін шешуді тапсыратынын жеткізді. Сонымен қатар, кооперативті қаржыландыру мәселесі де қаралатын болады.

Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Бетқайнар ауылындағы «Нұр-Ал» және «Алмаз» шаруа қожалықтарына және Сарыбұлақ ауылындағы «Самғау» шаруа қожалығына барып, еңбеккерлермен жүздесті.

Еркін Қатбеков

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.