home
home home

Барлық мәселе бақылауға алынды

 

 

Сарыбұлақ ауылдық округі әкімі Бақдәулет Садырбаевтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі 20 қаңтарда округ құрамындағы Қайнар ауылында өтті. Ауылдық мәдениет үйінде болған жиынға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдабеков және ауыл тұрғындары қатысты.

 

2020 жылы атқарған жұмыстары турасында баян еткен ауыл әкімі округте атқарылған оңды тірліктер турасында сөз етіп, алдағы жоспарлар жайын да айтуды жөн санады. Өткен жылы атқарылған жұмыстар қатарында  Сарыбұлақ ауылындағы Д.Қонаев көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолы салынса, жалпы округтің тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын қоршауға қаржы бөлініп, жұмыс аяқталған. Сонымен қатар,  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 7143,0 мың теңгеге Қайнар ауылының саябағын қоршау жұмыстары жүргізілген. Осының арқасында алдағы жылдары ауыл саябағы қайта түлеп, қайнарлықтардың сүйікті орнына айналатыны сөзсіз. Ауылдық округте 147 шаруа қожалығы және 2 ЖШС  тіркелген. Былтыр ауыл шаруалары 4608 га алқапқа бидай сеуіп, одан 105984 тн өнім алса, 4000 га арпа алқабынан 92000 тн өнім қамбаға құйылған. 1124 га жүгеріден 78680 тн өнім алынған.

Ауылда атқарылған жұмыс турасында егжей-тегжейлі баян еткен ауыл әкімі осыдан кейін тұрғындар сауалына ден қойды. Мәселен, Дауылбай Орналиев ауылдағы ауыз су мен суармалы судың жайын сұрады. Бұл сұраққа Б.Садырбаев ауыз су жүргізу бойынша жобалық сметалық құжаттың дайын екенін, мемлекеттік сараптаманы күтіп отырғанын айтса, суармалы су бойынша каналды округ теңгеріміне өткізу жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Ал, ауыл тұрғыны Нахрқожа Шачинов қаңғыбас иттердің көбейуі және бизнес жүргізуге байланысты несие алу турасында сұрап, иттерді жою бойынша сұраныс берілетінін, ал несие алу үшін оқу курстарына бару туралы кеңінен түсініктеме берілді. Жалпы, тұрғындар қойған сұрақтар қатырында үй салуға жер алу, газ құбырларын жөнге келтіру және тағы да басқа мәселелер көтеріліп, барлығына жауаптар берілсе, кейбірі бақылауға алынды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.