home
home home

Бірлік – бейбітшілік бастауы

 

 

Сәрсенбі күні ауданымызға Қазақстан

Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин және Қазақстан

Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті өңірлік жұмыс басқармасының бас сарапшысы Батыржан Жарке жұмыс сапарымен келіп, оларды аудан әкімінің орынбасары Бейқұт

Жамангозов күтіп алды.

 

Жұмыс сапары барысында Елордадан келген қонақтар Қордай ауданы әкімдігінің қызметкерлері және қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесті. Өз кезегінде Ғалым Нұрмағамбетұлы аудан тұрғындарының ауызбіршілігі, жастардың тәрбиесі мен өзара қарым-қатынасы, ұлтаралық татулық мәселесі  турасында сөз қозғап, кездесудің қатысушыларымен сұхбат құрды. Осы тұста аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет өткен жылғы оқиғадан кейін кеңес тарапынан ауданда атқарылған жұмыстарды алға тартып, қазақ тілін қазақстандықтарды біріктіретін негізгі фактор екеніне және оны игерудің маңыздылығына назар аударды.

«Кеңес одағы кезінде өскен аға буын интернационализм мектебінен өтті, араласқан ұжымдар мен командалар болды. Түрлі ұлт өкілдері достық қарым-қатынаста болды. Міне, біз де осыған ұмтылуымыз қажет. Нәтиже көрсеткендей, кез келген қоғамдастық пен этностардың тұйықтығы үлкен қауіп төндіріп, өзге азаматтардың теріс пікірін қалыптастырады. Сондықтан, осы бағыттағы, әсіресе жастар арасындағы жұмыстарды жандандыру қажет деп санаймын», – деген Ғалым Нұрмағамбетұлы ауданның жастар ұйымдары басшыларынан осы бағыттағы жұмыстары жайлы сұрастырды. Сондай-ақ, «колхоз» аймағындағы тұрғындардың өміріне діннің зор ықпалын ескерген Ғалым Шойкин осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл бұрды. Қордай аудандық мешітінің өкілі имамдар арасында мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, карантин аяқталғаннан кейін дүнген ағайындардың арасында уағыздарды мемлекеттік тілде жүргізу көзделгенін және имамдардың алдына мешіт жамағаты арасында бейбітшілік пен татуластықтың маңызын түсіндіру тапсырмасы қойылғанын айтып өтті. Кездесу барысында Ғалым Шойкин Қазақстан халқы этнос пен халықтарға бөлінбейтін біртұтас ел екенін баса айтты.

Келесі кезекте «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы ғимаратында Қордай ауданының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері аудандағы жағдайды баяндап, өз пікірлерін ортаға салды. Мұндағы басты мақсат ел азаматтарының арасындағы татулық пен тұрақтылықты нығайтып, достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту болғанын айта кеткен жөн. Жиын аяқталғаннан кейін қонақтар Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай мен қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілхановпен жүздесіп, аудандағы жағдайға талдау жас-алды. Сонымен бірге түске дейін қонақтар №51ОМ мәжіліс залында белсенді жас-тармен кездесіп, сұхбат құрды. Ғалым Шойкин өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарды белсенділікке, көшбасшы болуға, жасампаздық танытуға шақырды. «Сіздер ел болашағысыздар, сондықтан еліміздің келешекте қандай болатыны тікелей сіздерге байланысты», – деді өз сөзінде Ғалым Нұрмағамбетұлы.

Осыдан кейін мамандар Масаншы және Сортөбе ауылдық округтерінде болып, онда ауыл қариялары, мешіт имамдары және этномәдени орталық өкілдерімен кездесті. Жиын барысында ұлтаралық қатынас, жергілікті тұрғындардың татулығы, өскелең ұрпақ тәрбиесі мен жастардың өзара қарым-қатынасы турасында сөз өрбіп, өзекті мәселелер талқыға салынды.

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.