home
home home

Игілік – ынтымақтан басталады

 

Былтырғы жылдың ақпан айында ауданда орын алған оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі «Бейбітшілік пен келісім» жобасын ұсынып, оны іске асырудың іс-қимыл алгоритимін әзірленген  болатын. Жоба аясында көптеген жұмыстар қолға алынса, соның бір көрінісі Қоғамдық келісім кеңесінің құрылуы. Ауданымыздың «совхоз аймағы» саналатын ауылдардың басын біріктіретін екінші Қоғамдық келісім жиырмасыншы жылдың соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Аталмыш кеңес дүйсенбі күні өзінің кезекті отырысын өткізген еді.

Ауданда екі қоғамдық келісім кеңесі болғанымен, негізігі мақсаты бір. Ол – ел бірлігі мен ынтымағын сақтау, ұлтаралық қатынастарды нығайту, қордаланған әлеуметтік мәселелерді, діни түйіткілдерді  дер кезінде шешіп отыру тәрізді өзекті мәселелерді зерделеу. Осы жоба бойынша құрамында  әртүрлі   мемлекеттік  мекемелердің және қоғамдық  ұйымдардың өкілдері бар ақпараттық топтар ауданның елді мекендерінде болып, тұрғындарымен кездесіп тұрады. Бұл жолғы кездесу Сарыбұлақ ауылдық окугіне қарасты Қайнар ауылының мәдениет үйінде өтті. Өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған, негізінен қазақтармен қатар, әзірбайжан, түрік, күрді, орыс, кәріс диаспораларының өкілдері қоныстанған елді мекендерде жағдай тұрақты, дегенмен де «келісіп пішер тон» мұнда да жеткілікті. Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Қасық,  Ноғайбай, Алға ауылдық  округтеріне ортақ  қоғамдық келісім кеңесі төрағасы ауданымызға белгілі азамат Мықтыбек Алтыбай ақсақал. Аталмыш жиынға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұл, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет, аталмыш округтердің әкімдері, ақсақалдар алқасы мен қоғамдық кеңес төрағалары, мектеп директорлары мен учаскелік инспекторлар және Қайнар ауылының тұрғындары қатысты.

Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысының түндігін ашып, тізгінін қолға алған Мықтыбек Есжанұлы  жиынның күн тәртібімен таныстырып өтті.

Мемлекет басшысының пәрменімен құрылған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында аталған елді мекендерде нендей жұмыстар атқарылды және олардың бүгінгі барысы қандай? Жиында қаралған алғашқы сұрақ осы мәселе төңірегінде болды. Ондағы негізгі мақсат турасында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет жалпылама түсініктеме беріп өтсе, одан кейін аталмыш тақырып аясында Степной, Сарыбұлақ, Жамбыл және Бетқайнар ауылдық округі әкімдері баяндама жасап, атқарылған жұмыстарын жіпке тізді. Негізінен ауылдарда этносаралық келісім тұрақты болғанымен, тек Степнойда «Түймедейді түйедей етіп», ағайын тыныштығына түрпідей тиетін бірлі-екілі жандарға тоқтау салынса деген ұсыныс беріліп, ол ұсыныс тек заң аясында іске асу керек деген тұжырым жасалды. Ал, Жамыл облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» ММ Қордай аудандық филиалы маманы Станислав Насыров жоба аясында және тікелей ұлтаралық келісім бағытында атқарылған жұмыстары турасында қысқаша есеп беріп өтті. Ұлтаралық татулықты нығайтуда маңызды конституциялық орган болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының орны айрықша екенін атап өткен баяндамашы, бейбітшілік пен келісімді тиімді насихаттау, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің аудандағы көрінісі турасында сөз етті.

Аталмыш сұрақты талқылау барысында сөз алған ақсақалдар қатарында Аманхан Рысымбетов, Магамед Фараджиев бастаған Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері келелі ойларымен бөлісіп, ауыл тентегін тыюдан бастап өзге де өзекте мәселелерге байланысты өз ойларын ортаға салды.

Кеңестің күн тәртібінде шығарылған екінші сұрақ – «Сов-хоз аймағындағы» ауылдардан әскер қатарына жастарды шақыру барысы турасында болды. Аталмыш тақырып аясында Қордай аудандық қорғаныс істері бөлімі өкілінің жасаған баяндамасы тым шолақ болып, кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Бөлім өкілі келтірген азғана есептен аталмыш аймақтан былтырғы жылы әскер қатарына шақырылғандар тым аз болғаны айтылды. Мұны кеңес мүшелері бұл аймақтарда қазақстандық патриотизмді насихаттау жұмыстарын арттыруды ауыл әкімдерінен бастап мектеп директорлары, тіпті балабақша басшылары, ауыл ақсақалдары мықтап қолға алу керектігін айтты. Сөз сөйлегендер қатарында аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Фатимат Байбекова да болып, ол баяндамашылардың кеңес отырысына дайындығын сынға алып, нақты дәректер мен дәйектерді келтіру қажеттігін баса айтты.

Жиын соңында қаулы жобалары қабылданды. Онда «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыруда жауапты тұлғалар нақты іс-шаралар жоспарын жасау, оны орындауды қадағалауды қолға алу қажет, сонымен қатар ұлттар арасында достық пен бірлікті күшейту бойынша жұмыстарды күшейту ұсынылды. Ұсыныс демекші, осы орайда Қоғамдық келісім кеңесінің келесі отырысын Степной ауылында өткізу туралы ұсыныс та қабыл алынды. Сонымен қатар, әскерге шақыру бойынша сын-ескертпелерді негізге ала отырып ауыл әкімдерінің жұмысын жандандыру және ардагерлер кеңесі мен этно-мәдени орталық жетекшілері жастар арасында партиоттық тәрбие жұмысын күшейту жұмыстарына аса ден қою керектігі қаулыда баса айтылды. Аталмыш қаулылардың орындалуын бақылау кеңес төрағасына қалдырылды.

Ж.Омаров

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.