home
home home

Көктөбе «көгілдір отынды» күтеді

 

Ауыл әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері жалғасын тауып, Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Еркебай Мырзағұлов Көктөбе ауылында тұрғындармен кездесті.

 

Таулы аймақта орналасқан шағын елді мекенді дамыту жұмыстары жылдағы жоспарға сай жүргізіліп тұрады. Дейтұрғанымен ауыл тұрғындарын ауыз су, елді мекенге қатынайтын жолды қыста күтіп ұстау жағдайымен қатар, газ мәселесі де қатты толғандырады. Айта кетсек, Қордай ауданындағы 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 248 шақырымды құрайтын құбыр жүргізіліп, бұл жобаға 11 миллиардқа жуық қаражат бөлінген. Осының аясында «Отар» аймағындағы 12 елді мекенді, оның ішінде Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарын газдандыру жұмыстары жақын арада аяқталуы тиіс.

Сұлутөр ауылындағы өткен жылы орын алған тағы бір жағымды жаңалық –ауылдық №38 орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі. Сонымен қатар, Алматы-Термез тасжолынан Үлкен Сұлутөрге дейінгі жол жөнделіп, ауылға барар жол жеңілдей түсті. Бұған да ауыл тұрғындары дән риза.

Есепті кездесуде тұрғындар тарапынан жеке бастың мәселелеріне байланысты сұрақтар көп болды. Бірнеше тұрғын құжаттарын реттестіре алмай жүргенін айтып, ауыл әкімінен көмек сұрады. Сонымен қатар, Жамбыл көшесінде ауыз су құбыры аяздардан қатып қалғаны айтылды. Еркебай Мырзағұлов бұл мәселені шешуге уәдесін берді. Тұрғындар Сұлутөр-Көктөбе тас жолын қардан тазалау жұмыстарына көбірек көңіл бөлінсе деген тілегін де жасырмады. Ал, енді бір тұрғын көтерген ұялы байланыс мәселесі жақын арада шешімін табатын болды. Барлық сұрақтарға жауабын берген ауыл әкімі алдағы жоспарларымен бөліссе, тұрғындар әкімнің жұмысына қанағатанарлық деген бағасын берді


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.