home
home home

ҚАЗАҚСТАНДА ВАКЦИНАЦИЯ ЖОСПАРЛАНҒАН КЕСТЕ БОЙЫНША ЖҮРУДЕ – Е. ҚИЯСОВ

Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният араға 21 күн салып, коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды. Вице-министрлер вакцинаның бірінші, екінші дозасын да Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада қабылдады.

«Баршаңызды коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыруға шақырамын. Екпе мүлдем ауырмайды және қауіпсіз. Вакцинация алдында медицина қызметкері пациентті міндетті түрде тексереді, вакцинациядан кейін адам 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Мен екі дозалы вакцинаның толық курсын алдым, енді өзімді қауіпсіз сезінемін», – деді ҚР Бас санитарлық дәрігері.

Ол профилактикалық егудің мақсаты ұжымдық иммунитет қалыптастыру екенін еске салды. COVID-19 қарсы вакцинация – қауіпті инфекциямен күресудің тиімді әдісі және қатаң шектеулердің жалғыз баламасы.

Ерлан Қиясов елімізде вакцинация жоспарланған кесте бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. 2021 жылдың 12 ақпанында ресейлік вакцина Қазақстан аумағында тіркелді. Кейін жүк «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы ірі хабтарына, әрі қарай аймақтарға жеткізілді.

21 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда «Спутник V» вакцинасын 19 764 медицина қызметкері алды. Жағымсыз реакция анықталған жоқ.

Қазір вакцина өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған: ақпанда – 90 мың доза, наурызда – 150 мың доза, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозаға жетеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Спутник V» вакцинасының тиімділігі шамамен 96% құрайды.

«Вакцинаны кәмелетке толған ел азаматтары ғана салдырады. Вакцинация қарсы көрсеткіші жоқ адамдарға рұқсат етілген. Екпе алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. Адам алдымен вакцина жайлы толық ақпарат алады, кейін жазбаша келісімге немесе профилактикалық егуден бас тарту туралы құжатқа қол қояды. Екі сатылы вакцина арасындағы интервал 21 күн», – деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.