home
home home

Қордайда құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

 

Былтырғы жылы құрылыс алаңына айналып, ауқымды жұмыстар атқарылған ауданымызда биылғы жылға да жасалған жоспар көлемді. Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің тұрғындар алдында есеп беру кездесулерінде өткен жылдың қорытындысымен қатар биылғы жылға жасалған жоспарлар да айтылған болатын. Солар турасында аз-кем айта кеткенді жөн санадық.

Қордай – ауыл шаруашылықты алға қоятын аудан. Жері де желі де соған ыңғайлы. Диқандар мен бағбандарға қажеттісі ең алдымен, әрине, суармалы су. Көрші елден келетін судың әсіресе жаз айларында мардымсыздығы шаруаларға қатты бататыны шындық. Аудан басшысы өз есебінде осы мәселені де айналып өткен жоқ. Суға тәуелділіктен құтылудың бірден-бір жолы – өзіміздегі су қоймаларды жөнге келтіріп, сыйымдылығын арттыру екені белгілі. Рүстем Рысбайұлы 2021 жылға жасалған жоспарлар қатарында   көлемі 15,2 млн. метр 3  болатын «Ырғайты»  су қоймасын  (6,8 млрд. теңге),  14,6 млн.метр3 болатын «Қалғұты» су қоймасы (3,1 млрд. теңге) ретке келтіріп, көлемі 8,4 млн.м 3 болатын «Қарақоңыз» су қоймасының сыйымдылығын 18 млн. м 3 дейін артыру көзделіп отырғанын айтты. Егер осы жұмыстар жүзеге асар болса диқандардың жаздағы алған өнім көлемі де арта түсері хақ.

2020-да қолға алынған қарқынды құрылыс биыл да жалғасын табатын көрінеді. Ауданда 60 пәтерлі 8 көп қабатты  тұрғын үй салуға 4,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылысы басталады деп күтілуде. Оның ішінде 6 үй (340 пәтер) тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға  және 2 үй (120 пәтер) Гвардейский қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік институтының қызметкерлеріне қызметтік пәтер ретінде берілмек. Ал, алдағы жылдар еншісінде Қордай ауылындағы  «Батыс» тұрғын үй алқабында 60 пәтерлі 5 көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге 49,5 млн. теңге бөлініпті. Осылармен қатар, ағымдағы жылы Қордай және Сортөбе ауылдарында бюджет саласының қызметкерлері, аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін екі пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр екен. Қордай ауылындағы «Шығыс», «Солтүстік» және «Батыс» алқаптарына (жалпы құны 1,3 млрд.тг) инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілетін болады. Ол да үй салуға жерге кезекте тұрған азаматтарға берілмек.

Өткен жыл «Отар» мен «Колхоз» аймағында орын тепкен ауылдарға газ құбырларының жетуімен ерекшеленген болатын. Қатты отыннан «көгілдір отынға» ауыстыру жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Бұдан бөлек, жалпысы 7,1 мың тұрғыны бар 6 елді мекен – Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау, Қарасай, Еңбек, Керу ауылдарын газдандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Барлығы ойдағыдай аяқталса аталмыш ауылдарға газ тарту жұмыстары келесі жылы басталатын болады.

Биылғы жылға жоспарда 5 елді мекенді (Қайнар, Сарыбұлақ, Степное, Ноғайбай,  Қарасу ауылдарын) орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы қарастыру үшін бюджетке өтінім тапсырылыпты. Сонымен бірге, Еңбек, Отар, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарының су құбырларының құрылыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасына 27,0 млн. теңге бөлінген. Бұл аталмыш ауылдардағы ауыз су мәселесін біртіндеп шешуге бағыталған шара деп түсінуге болады.

Өткен жыл әсіресе Қордай ауылында көшелердің жасалуымен есте қалған болатын. Ол бойынша атқарылған жұмыс көлемі ауқымды болды. Биыл округтерде бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Мәселен, Қаракемер ауылындағы Қонаев және Аймаш көшелерінің бойына жаяу жүргіншілер жолын салуға 34,2 млн. теңге және  Аймаш көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 24,9 млн. теңге бөлінсе, Отар ауылындағы К.Әзірбаев көшесін жарықтандыруға 6,9 млн. теңге, Гвардейский қалашығына кіреберіс жолдарды орташа жөндеу жүргізуге 48,0 млн. теңге, Қалғұты ауылының Оңтүстік көшесін орташа жөндеу жұмыстарына 15,0 млн. теңге және Степной ауылындағы мектепке кіреберіс көшені асфальттауға 5,0 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында  252 млн. теңгеге Кенен ауылындағы 8 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қордай ауылындағы «Қордай» өткізу бекетінің  жанына «ақылды» бағдаршам орнатуға 3,0 млн. теңге қарастырылған. Ал, жол белгілерін орнатуға 11,7 млн. теңге қарастырылып, 115 млн. теңгеге қосымша 45 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

2020 жылы ауданда үш мектептің құрылысы басталып, бірқатар білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жасалғаны белгілі. Биыл сол үрдіс жалғасын таппақ. Мысалы, Арал ауылында 180 орындық жаңа мектеп бой көтерсе, сонымен қатар  180 млн. теңгеге 10 мектептің қазандығын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.  Ал, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында  Жамбыл және Қарасу ауылдарында 90 орындық,  Отар ауылында 180 орындық мәдениет үйінің  құрылысы басталатын болады. Бетқайнар, Қақпатас, Қарасай, Бұлар батыр және Үлкен Сұлутөр ауылдарында мәдениет үйлерін салу үшін 24 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сұлутөр және Еңбек ауылдарындағы мәдениет ошақтарының ғимараттарына күрделі  жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге қажетті қаржысы бөлінген. Осы орайда тағы бір жағымды жаңалық, биыл  355,8 млн. теңгеге  Қордай ауылында 200 000 бірлік құжаттарды сақтауға арналған мемлекеттік мұрағат ғимараты салынатын болады.

Былтыр Бетқайнар, Отар, Қордай, Әлжан ана ауылдарында сәулетті спорттық сауықтыру кешендері бой көтерген болатын. Биыл Қарасу мен Қарасай ауылдық округтерінде де аталмыш кешендер салынады деп күтілуде. Осылармен бірге,  Сұлутөр, Беріктас ауылдарында 10 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пункт құрылысы басталып және 308,7 млн. теңгеге  4 денсаулық сақтау нысанының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Байқасақ, биылғы жылы да ауданымызда құрылыс қарқыны бәсеңдемек емес. Барлығы аудан тұрғындарының игілігі үшін қолға алынып жатқан шара. Ендеше, іске сәт!

Ж.Омаров

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.